Бүгін Алматыда ХІІ Жыл таңдауы-Жыл адамы" фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда ХІІ "Жыл таңдауы-Жыл адамы" фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп жатыр.
Онда Ахметжан Есімов - "Жыл әкімі", Мырзакәрім Алшынбаев - "Жылдың ғылым қайраткері", Артур Платонов -"Жыл тележурналисі", Ника Каюпова - "Жыл дәрігері, Серік Сәпиев -"Жыл спортшысы" , " Михаил Бочарников - "Жылдың шетелдік дипломаты", Виктор Бурдин -"Жыл журналисі" , Ақан Сатаев - "Жыл кинорежиссері" аталымы бойынша "Алтын адам" сыйлығына лайық деп табылды. Сондай-ақ Медет Шотабаев "Отандық опера сценасының жаңа туып келе жатқан жарық жұлдызы", Злата Огневич "Жыл ашылымы - шетелдік үздік орындаушы", Ермек Серкебаев "Қазақстан музыка өнеріндегі үлесі үшін", Есмұхан Обаев "Қазақстан театр өнерінің дамуындағы үлесі үшін", Шамшидин Паттеев "Қазақстан журналистикасының дамуындағы үлесі үшін" ұйымдастыру комитетінің арнайы сыйлығына ие болды.
"Жыл таңдауы-Жыл адамы" фестивалі ТМД-да Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және Белоруссияда өтеді. Ол коммерциялық тәуелсіз жоба болып саналады. Биылғы жеңімпаздардың арасынан Ахметжан Есімов, Ақан Сатаев, Артур Платонов, Ермек Серкебаев пен Есмұхан Обаев бұған дейін де әр жылдары үздік деп табылып, аталмыш марапатқа ие болған болатын.