Бүгін Алматыда Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлерін ұлықтауға арналған бірнеше шаралар өтті

Барлық шаралар бір уақытта ауданның 8 мейрамханаларында өтті. Салтанатты шарада аудан әкімі Марат Пірімбеков пен әкімдіктің өкілдері ардагерлерді 9 Мамыр - Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, өз тілектерін білдірді.
«Адамзат кеңес жауынгерлерінің жүрек жұтқан қайсар рухының арқасында дүниені жалмап қоймақ болған фашизм індетінен аман қалды. Өмірге құштар миллиондаған жас, әрі жасампаз жүректі қыршынынан қиған, соншама отбасына орны толмас қайғы-қасірет әкелген соғыс апатының сабағы ешқашанда ұмытылмауы тиіс», - деп атап өтілді шара барысында.
Ардагерлерге ауданның шығармашылық ұжымдары мен қатар, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы, А.Жұбанов атындағы музыка мектебі мен П.Чайковский атындағы музыкалық колледж студенттері арнайы дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Бүгінде Алмалы ауданында 233 Ұлы Отан соғысына қатысушы мен 124 мүгедек жандар тұрады.
Бүгін сонымен қатар, ауданның барлық білім мекемелерінде патриоттық концерттік бағдарламалар, ерлік сабақтары, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл майданына қатысушылармен кездесулер өтуде. Сондай-ақ, аудан ұйымдары да құттықтау шараларын өткізіп, сый-құрмет көрсетуде.
Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ де Жеңіс күніне орай, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған мерекелік салтанатты іс-шара өткізді. Оған университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов қатысып, ардагерлерді келе жатқан мерекемен құттықтады. Ардагерлердің құрметіне мерекелік концерт ұйымдастырылып, дастархан жайылды. Шара барысында ардагерлерге гүл шоқтары мен арнайы дайындалған сыйлықтар табысталды.