Бүгін Алматыда жаңа MEGA Park сауда ойын-сауық орталығы ашылды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 1600 астам адамды жұмыс орнымен қамтыған жаңа MEGA Park сауда ойын-сауық орталығы ашылды.
None
None

Жаңа сауда нысанының Конституция күні мерекесіне сәйкес келген салтанатты ашылымына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, «Қазақстан Халық банкі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павлов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова және «Астана» компаниялар тобының президенті Нұрлан Смағұлов қатысты.

«Алматыда осымен үшінші «Мега» сауда ойын-сауық орталығы ашылып отыр. Бұл да алматылықтардың тұрмыс деңгейінің жоғарылап жатқандығын көрсетсе керек. Біз 90-шы жылдарда қолданылған сауда-саттық жүйеден жаңа, өркениетті саудаға көшіп жатырмыз. Мына орталықта барлық жағдай жасалған. Мұнда адамдар сауда жасау үшін ғана емес, демалу үшін де бүкіл отбасымен келе алады. Орталықтың құрылысына жалпы 23 миллиард теңге жұмсалған. Жалпы аумағы 105 мың шаршы метр. 100-ден астам дүкен жұмыс істейді. Бұл әлеуметтік жағынан өте маңызды жоба», - деді өз сөзінде Ахметжан Есімов.

Айта кетелік., жаңа сауда ойын-сауық орталығының коммерциялық ауданының көлемі 46 333 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, мұнда 23 кафе мен мейрамхана және 1000 орындық «мейрамханалық аула», яғни фудкорт тамақтану орны жұмыс істейді.

Соңғы сегіз жыл ішінде еліміздің көптеген қалаларында жалпы ауданы 391 832 шаршы метр болатын бес «Мега» сауда ойын-сауық орталығы ашылыпты.

Сөз соңында қала басшысы Ахметжан Есімов «MEGA» сауда ойын-сауық орталықтарының меншік иесі - Astana Group компаниясының президенті Нұрлан Смағұловтың Алматы қаласы үшін сіңірген еңбектерін бағалап, аталмыш нысанды «MEGA Park» емес, «Нұр Мега» деп атауды ұсынды. Жиналған жұртшылық жылы шыраймен қол шапалақтап қолдау көрсетті.

Соңғы жаңалықтар