Бүгін Алматыдан Ржев қаласына «Жеңіс пойызы» аттанды

АЛМАТЫ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- «Нұр Отан» ХДП Ресейдің «Единая Россия» саяси партиясымен біріге отырып, Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай, 12 желтоқсан күні Ржев қаласында осы аумақта жауынгерлік шайқастарға қатысқан ардагерлерге ескерткіштің ашылуына байланысты халықаралық патриоттық акция өткізеді.

Бүгін Алматыдан  Ржев қаласына «Жеңіс пойызы» аттанды

Ол мемориал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің тапсырмасымен салынған болатын.

Бүгін таңертең аталмыш шараға орай «Алматы-1» теміржол вокзалында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен құралған делегацияны шығарып салу мен Ржев қаласына «Жеңіс пойызын» жөнелтудің салтанатты рәсімі болып өтті. Пойыз бағыты соғыс бригадалары құрылған қалалар - Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Ресей астанасы Мәскеу бойынша жүріп, Ржев қаласында аяқталады. Барлық тоқтайтын стансыларда салтанатты шаралар, митингтер, концерттер, мемлекеттік органдармен және ЖОО мен мектеп оқушыларымен кездесулер өтеді.

5 вагоннан жасақталған Жеңіс пойызымен бүгінде еліміздің әр облысында тұрып жатқан 100 және 101 атқыштар бригадасына кірген қазақстандық ардагерлер, сонымен қатар, ескерткіштің ашылуына баратын соғыста қайтыс болған жауынгерлердің туысқандары, азаматтық қоғам өкілдері аттанды. Ардагерлер соғыс жүрген жерге еліміздің топырағы салынған капсуланы жеткізіп, оны ескерткіш түбіне қояды.

Шығарып салу рәсімінде Алматы гарнизонының жауынгерлері мен Б.Момышұлы атындағы Алматы республикалық әскери мектеп-интернаты оқушыларының қатысуымен шеру ұйымдастырылып, ардагерлер сөз сөйледі.

Шара аясында 11 желтоқсан күні Мәскеуде акцияға қатысушылар қазақстандық батырлар Б.Момышұлы мен Ә. Молдағұлова атындағы мектептерге бару, сонымен қатар Кремльдің Александров бағында Белгісіз солдат қабіріне гүл шоғын қою рәсіміне қатысады.

1941-1943 жылдары Ржев қаласы маңында болған әскери қимылдарда Калинин майданы 39-шы армиясының құрамындағы 100 және 101 қазақстандық атқыштар бригадасының жұмылдырылғаны белгілі. Әлі күнге дейін Ұлы Отан соғысындағы Ржев операциясының анық-қанығы көпшілікке беймәлім, құпия болып отыр. Осы әскери қимылдарда аталмыш бригадалар 75 пайызға дейін өз жауынгерлерін жоғалтқан болатын. Ұрысқа кірген 10 мың жауынгері бар бригадалар алғашқы айда 6000-нан астам жауынгерлерінен айырылды.