Бүгін Астанада әйгілі бестселлер - «Мемлекеттер неге дамымай қалады?» кітабы таныстырылады
Шара барысында оқырмандарға Халықаралық бестселлер авторымен сұхбаттасып, өз қолынан қолтаңба алу мүмкіндігі болады.
Дарон Аджемоглы мен Джеймс Робинсонның «Мемлекеттер неге дамымай қалады?» кітабы - Сэмюэл Хантингтон, Джаред Даймонд немесе Фрэнсисс Фукуяма еңбектерімен салыстыруға болатын, соңғы уақыттағы ең ірі саяси-экономикалық бестселлердің бірі. Авторлар тарихшыларды, экономистер мен философтарды ғасырлар бойы алаңдатқан сұраққа жауап іздейді. «Әлемдік теңсіздіктің себебі неде, неге әлемнің байлығы жер бетіндегі елдер мен аймақтарға біркелкі бөлінбейді?» деген сұрақтарды тарқата отырып, саясат пен экономиканы зерделей келе жауап берілген. Адамзат баласы өмір сүрген барлық уақыт пен кеңістікті қамтуы бұл кітапты саяси-экономикалық ойдың нағыз энциклопедиясына айналдырады.
Іс-шараға филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Әділ Ахметов, тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Білім академиясының академигі Бүркітбай Аяған, Parakosm компаниясының иесі Суфиян Бин Узаир, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Сапарбекова, ақын-аудармашы, саясаткер, «Перо» жеке қорының негізін қалаушы Елден Сарыбай, журналист, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты, Колумбия өнер және ғылым колледжінің «Медиа және комуникациялық зерттеулер» мамандығы бойынша түлегі Жайнагүл Төлеміс, кітапты қазақшаға аударып, жарыққа шығарған «Мазмұндама» қоғамдық қорының басшысы Теңіз Сейілхан мен аудармашы Өмірзақ Ақжігіт қатысады.
Сонымен қатар Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігі, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қызметкерлері мен кітапхананың ғалым-оқырмандары және ZOOM платформасы арқылы қалың оқырмандар онлайн қатыса алады.