Бүгін Астанада балаларға арналған ұлттық №150 сенім телефоны іске қосылды
АСТАНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада балаларға арналған ұлттық №150 сенім телефоны іске қосылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, бүгін сенім телефоны Астанада өтіп жатқан «Балалық шақты қорғау және іске асыру жолдары» тақырыбындағы Орталық Азиялық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында іске қосылды.
Нөмірі 150 сенім телефоны Алматыда 2008 жылдан бері қызмет атқаруда. Осы уақыттың ішінде оған 25 мыңнан астам адам хабарласқан. Яғни, балалар құқын бұзу бойынша 5 260 рет телефон шалған. Оның ішіндегі 2 199-ы бойынша балалардың өздері қоңырау шалды.
Білім және ғылым министрлігінің балалар құқын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шердің айтуынша, өкінішке қарай кәмелетке толмағандар арасында өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері азаймай тұр. «Оған себептер айтарлықтай жеткілікті. Онда бір-бірін түсінбеу, құрбы-қатарластар арасындағы өзара қарым-қатынас, отбасындағы материалдық әл-ауқат және басқа да көптеген себептер бар. Сондықтан кейде жасөспірімдерге көмек сұрауға барар жері болмайтын жағдайлар болып жатады»,-деді комитет төрайымы.
Оның сөзіне қарағанда, елімізде үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдарды қосқанда 211 сенім телефондары бар. 100-ден астам балаларға арналған қоғамдық қабылдаулар тіркелген. Сондай-ақ Балалар құқын қорғау комитетінде де сенім телефоны бар.
«Астанада бұл телефон нөмірі 74-25-28. Бұл нөмірге ересектер де балалар да телефон шалып жатады. Алайда ол ақылы, сондықтан басқа өңірлерден телефон шалуға балаларға қиынға түседі»,-деді Р. Шер.
Айта кетейік, 150 нөмірі бойынша телефон шалу тегін.