13:47, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Бүгін Астанада Халықаралық сулы-батпақты алқаптарды сақтау күніне орай фотокөрме өтті
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін Астана қаласындағы ҚР Президенті мәдени орталығының көрме залында «Сулы-батпақ жерлер – дала экожүйесінің оазистері» атты фотокөрме өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аталмыш шараға Қазақстанның сулы-батпақты алқаптар аңдарының, құстары мен өсімдіктерінің суреттері ұсынылған. Сонымен бірге, фотокөрме барысында экологиялық тақырыпта ғылыми және жалпыға түсінікті фильмдер көрсетілді. Естеріңізге сала кетейік, фотокөрме Рамсар конвенциясына мүше мемлекеттердің жыл сайын ақпанның 2-сінде атап өтілетін Халықаралық сулы-батпақты алқаптарды сақтау күніне орай ұйымдастырылып отыр. Қазақстан аталмыш конвенцияға 2007 жылдың мамыр айында мүшелікке кірді. Осылайша ол аумағындағы адамзат үшін маңызды сулы алқаптарды сақтау міндетін өз мойнына алды. «Елордада алғаш рет өтіп жатқан аталмыш көрменің басты мақсаты ? қауіп төніп тұрған Қазақстан су бассейндерінің биологиялық алуантүрлілігін сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару», - деп атап өтті ҒЭҚӨ/БҰҰДБ сулы-батпақты алқаптарды сақтау жобасының жұртшылықпен байланыс жөніндегі маманы Шынар Жетпісова.Көрме жұмысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің, ұлттық ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өкілдері, Қазақстанның су қорлары мен бассейндері жөніндегі сарапшылар және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.