Бүгін Астанада коньки тебу спорты бойынша Әлем чемпионаты өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 ақпанда елордадағы «Алау» мұзайдын сарайында коньки тебу спорты бойынша Әлем чемпионаты өтеді, оған әлемнің 16 елінен 64 спортшы қатысады, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
27 ақпан күні дүбірлі дода қарсаңында коньки тебу спортынан ұлттық құраманың бас бапкері Вадим Саютиннің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі комитет төрағасы Елсияр Қанағатовтың, «Алау» мұзайдын сарайының директоры Наиль Нуровтың және ҚР Коньки тебушілерінің ұлттық федерациясының президенті Василий Крыловтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Вадим Саютиннің айтуынша, Әлем чемпионатында 4 спортшы Қазақстанның намысын қорғайтын болады: Денис Кузин, Роман Креч, Александр Жигин және Екатерина Айдова. Чемпионаттың тағы бір маңызды бөлігі - жанкүйерлер. Ертең дүние жүзінен 6 мыңға жуық жанкүйер келеді деп күтілуде. Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 15 млн теңгені құрайды. Коньки тебушілердің халықаралық федерациясынан бөлінген қор жүлделі орын алған спортшылар арасында тең бөлінеді. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов жеңімпаз атанған қазақстандық чемпиондарға 15 мың доллар көлемінде мемлекеттік жүлде қоры тағайындалатынын айтты. Әлем біріншілігінің ресми тұлғасы қарағандылық спортшы - Екатерина Айдова. Әлемдік жарыстардың баспа және жарнамалық материалдарына оның суреті басылады. Коньки тебу спорты бойынша Әлем чемпионатының ашылуы ертең жергілікті уақыт бойынша сағат 17:30 «Алау» мұзайдын сарайында өтеді. Жанкүйерлер үшін кіру тегін.