Бүгін Астанада ҚР Суретшілер одағының мүшесі Елена Тёнің көрмесі ашылады
Елена Тё өзінің туындыларын Астанада алғашқы рет 2002 жылы «Шежiре» галереясында көрсетті. Суретшінің шығармашылық қолтаңбасы Астанада да танымал, оның жұмыстарына қызығушылық білдірушілер көп. Елена көктемнің келуімен астаналықтарды өзінің көркем жаңалықтарымен, шығармашылық дамуының нәтижелерімен, ізденістерімен, тәжірибелерімен қайта бөліспекші.
Суретші Алматы қаласында туған, Н.В. Гоголь атындағы көркем училищеде оқыған, кейін Абай атындағы АМУ көркем-графикалық факультетін бітірген. 1991 жылдан республикалық және шетелдік көрмелерге қатысып жүр. Жұмыстары ТМД елдері, АҚШ, Франция, Жапония, Түркия, Израиль, Германия мен Қазақстанның жеке меншік жинақтарында берілген. Суретші «Жандану» көрме экспозициясына пейзаж және натюрморт жанрындағы пішінді кескіндемелер дәстүрінде орындалған туындыларын ұсынады. Оның авторлық қолтаңбасы әрқашанда танымал, оны үнемі жылы, ақшыл сары палитра, әлемді суреттеп көрсетудегі романтикалық интонациялар, үйлесімділікке жетуі ерекшелейді, сондықтан да кескіндемелерінің композициясы үнемі бірқалыпты, тыныштық пен қуаныш сезіміне толы. Көптеген детальдар мен түрлі реңктерге қанық түстік массалар оның картиналарына салтанатты үн қосады. Сурет пен композициялық шешімдердің нақтылығы бұрынғы шеберлердің өнеріне, академиялық дәстүрлерге деген құрметті білдіреді.
«Жандану» көрмесінде суретші Елена Тёнің 30 жуық авторлық жұмысы ұсынылады. Экспозиция 7 сәуірге дейін жалғасады.