Бүгін Астанада «Махаббат тәлкегі» атты қазақстандық-ресейлік жаңа фильмнің тұсауы кесіледі
СТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін кешқұрым Астанада қазақстандық-ресейлік кинокомпаниялардың «Махаббат тәлкегі» атты бірлескен фильмінің тұсауы кесіледі. Бұл туралы журналистермен өткен баспасөз мәслихатында «Қазақфильм» АҚ-ның президенті Ермек Аманшаев айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақфильмнің» тапсырысымен түсірілген «Махаббат тәлкегі» фильмінің продюсерлері Ренат Давлетьяров (Ресей), Ермек Аманшаев (Қазақстан) және Александр Котелевский (Ресей), режиссерлері Александр Черняев (Ресей) пен Ержан Рүстембеков (Қазақстан). Басты рөлдерді Қазақстан тарапынан Әсел Сағатова, Ерік Жолжақсынов, Фархат Әбдірайымов және тағы басқалар, ресейлік әртістердің арасынан Алексей Чадов, Ирина Розанова, Гоша Куценко және басқалар сомдайды.
Е.Аманшаевтың айтуынша, фильм таза комедиялық жанрда түсірілген және оның бюджеті 2 миллион АҚШ долларын құрайды. Картина Мәскеуде және Астанада бір жылға жуық уақыт түсірілді. «Бұл «Қазақфильмнің» ресейлік кинокомпаниялармен бірлескен алғашқы фильмі емес, бірақ тәуелсіздік жылдары ішіндегі толық ауқымдағы - алғашқысы. «Махаббат тәлкегі» фильмі алғаш рет барынша көп данамен - 600 көшірмемен шығарылды. Бұған дейін таралымдар саны 50-ден аспайтын», - дейді ол.
Е.Аманшаев атап көрсеткендей, бұл үлкен жетістік. Себебі картинаның таныстырылымы бірдей 4 мемлекетте- Қазақстан, Ресей, Беларус және Украинада өтеді. «Халықаралық нарыққа шығу оңай емес. Оны ресейлік әріптестерім де жақсы біледі. Өйткені Ресейдің өзінде жылына 100-ге жуық кино шығады», - деді ол.
Р.Давлетьяровтың сөзіне қарағанда, картинаға жұмсалған қаражат өте аз. Себебі Ресейде ең арзан деген фильмді түсіру үшін кем дегенде 3 миллионнан астам доллар шығындалады екен. «Кино адамдар үшін түсірілуі тиіс және ол міндетті түрде табыс әкелуі қажет. «Қазақфильммен» бірлескен жұмыстан өзім үшін баға жетпес тәжірибе алдым», - деп атап өтті ол.
А.Чадов болса: «Шытырманды оқиғалы фильмдерге түсу үшін спорт залынан шықпай, денемді шынықтырып жүргенмін. Р. Давлетьяровтан «Махаббат тәлкегі» фильмінің басты рөлінде ұдайы жолы болмайтын ботаниктің рөлін ойнау туралы ұсыныс түскеннен кейін, арнайы 8 киләға арықтадым», - дейді. Ресейлік әртіс жастық шағын Қазақстанның Орал қаласында тұрған ата-әжесімен бірге өткізгенін және оған елдің жаңа елордасы Астана қатты ұнағанын жеткізді.
Ресейдің тағы бір әртісі И.Розанова да, фильмге түсуге шақыртуды бірден қабылдағанын айтады.
«Махаббат тәлкегі» фильмі Әсел атты аса келбетті бойжеткен жайында. Ауқатты күйеу жігіттің арқасында Әселді қоғамның бетке ұстар қаймақтары әрдайым өз қатарларына қосып, өздерімен тең көреді. Алайда ол бұл ортада өз жетістіктерінің арқасында сыйлы болғысы келеді. Оған бұл жолда оның құрбысы Женя қол ұшын созбақ болып, ол үшін бір ғана шарт қояды. Әсел дәмханаға алғаш кіріп келген жігітті өзіне ғашық етуі тиіс болады. Ол адам - өмірі жолы болмайтын оқымысты Иван болып шығады. Фильмнің қызықты сәттері осы жерден бастап өрбиді.