Бүгін Астанада «Жас ұлан» әскери әндер фестивалі басталды

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Финалға үшінші іріктеу турынан өткен әскер түрлерінің, тектерінің және өңірлік қолбасшылықтардың жеңімпаздары қатысады. Сондай-ақ фестивальге басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың өкілдері қатысып, фестиваль қонақтары өнер көрсетеді деп күтілуде. Барлығы финалға әртүрлі бөлімдер мен әскери оқу орындарынан келген 250-ге жуық орындаушылар мен шығырмашылық ұжымдар қатысады.
«Бұл фестиваль тұңғыш рет елордамыз - Астана қаласында өткізіліп отыр. Фестивальдің мақсаты Қарулы Күштердің имиджін көтеру, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, әскери қызметшілердің шығармашылық әлеуетін қолдау болап табылады», - деп Бас штаб бастығының орынбасары - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басшысы полковник Мұхамеджан Таласов атап өтті.
Республикалық фестивальге қатысушылар «орындаушы-вокалистер», «фольклорлық орындаушылар», «вокалдық-аспаптық ансамбльдер мен орындаушылар» атты үш номинациядағы конкурстық бағдарламада өнер көрсетеді.
«Жас ұлан» фестивалі ҚР Қарулы Күштерінде 1997 жылдан бері әскери ортадағы көркемөнерпаз шығармашылық ұжымдары мен орындаушыларды дамыту үшін өткізіліп келеді. Ол әскерлерде кеңінен танымал. Шығармашылық көркемөнерпаздар әскери қызметшілер мен жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде үлкен орын алады.
«Жас ұлан-2013» фестивалі лауреаттарының гала-концерті 2013 жылғы 12 қазанда астаналық «Конгресс-холл» концерт залында өткізіледі.