Бүгін Астанада Жастар хоккей лигасының жеңімпазы анықталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордаға КХЛ «Жұлдызды апта» ойындарына қатысатын команда құрамалары келді. Қаңтар айының 10-14 күндері аралығында континентальді, жастар және әйелдер хоккей лигалары жанкүйерлерге есте қаларлық шоу сыйлайды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
11 қаңтар күні Жастар хоккей лигасы дәстүрлі «Шығыс» және «Батыс» болып Жекпе-жек Кубогы жеңімпазын анықтайтын болады. Әзірге «Батыс» - «Шығыс» теке тіресінде 6-2 есебімен «Батыс» құрама командасы алда келеді.
ЖХЛ Жекпе-жек Кубогында «Шығыс» дивизионы құрама командасы құрамында ойнайтын Астаналық «Қар барысы» жастар командасының қорғаушысы Самат Данияр алдағы болатын ойын туралы ойымен бөлісті.
«Біздің құрама алдағы ойынға сақадай сай. Әр командадан жиналған құрама болсақта бір-біріміздің ойын тәсілімізге төселіп жатырмыз. Қай дивизион мықты екенін ойын көрсетеді», - деді «Шығыс» дивизионы құрама командасының қорғаушысы Самат Данияр.
Бүгін болатын Жекпе-жек Кубогында үздік ойын үлгісін көрсеткен 4 ойыншы, яғни әр құрамадан екі ойыншыдан КХЛ жұлдыздарымен қатар ойнауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, құрама командалар сабында қазақстандық үш ойыншы өнер көрсетеді. Екі ойыншы Астаналық «Қар барысы» командасынан, енді бірі Өскемендік «Алтай» командасының өкілі.
«Жігіттердің бұл ойынға дайындығы өте жақсы. Біз жеңіске жетуге міндеттіміз. Алдыңғы ойындармен есептесек «Батыс» құрама командасы біздің алдымызда келеді, сол себепті бізге кездесулердегі есеп айырмашылығын қысқарту керек», - деп атап өтті «Шығыс» құрама командасының бас жаттықтырушысы Дмитрий Стулов.
Естеріңізге сала кетейік, «Жұлдызды аптаны» Құрлықаралық хоккей лигасы дивизиондарының төрт құрамасы қорытындылайды. Жыл сайын ұйымдастырушылар жанкүйерлер мен көрермендер үшін қызықты ойындар ойнатады. Биылда сол дәстүр жалғасатын болады.