Бүгін Астанада жүргізушілерге жеңіл бұзушылықтар үшін айыппұл салынбайды - М.Тұяқбаев
Бұл туралы елордалық Жол полициясы басқармасы (ЖПБ) ұйымдастыру-талдау және алдын алу жұмыстары бөлімінің бастығы Марат Тұяқбаев мәлім етті.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 2005 жылғы 25 қазандағы қарарына сәйкес қарашаның үшінші жексенбісі Жол-көлік апаттары құрбандарын еске алудың дүниежүзілік күні болып табылады. Осыған орай Астана қаласының ЖПБ 14-20 қараша күндері аралығында «Жол қозғалысы апталығын», «Ұмытпа және ойлан» ұранымен қоғамдық акциясын өткізеді. Олардың аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Мәселен, 15 қарашада құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Өзара түсіністік күні» акциясы өтеді. «Құқық бұзушыларға әкімшілік хаттамалар Жолда жүру ережелерін өрескел бұзған жағдайда ғана толтырылады, ал басқа жағдайларда үгіт-насихаттық көрнекі құралдарын тарату арқылы ауызша ескертумен шектелетін болады», - деп атап өтті Тұяқбаев.
Сондай-ақ, 16 қарашада, Политехникалық колледжде студенттер арасында жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған плакаттар, аудиороликтер мен видеороликтердің шығармашылық байқауы өтеді.
17 қарашада үлкендердің назарын аударту үшін арнайы түзету мектебінде балаларға жарық қайтару заттары (фликерлер) таратылатын болады.
18 қараша күні төменгі сынып оқушылары жол полициясы қызметкерлерімен бірге жолға шығып, жолда жүру ережелерін бұзған жүргізушілерге өздерінің жолдағы қауіпсіздік тақырыбында салған суреттерін, үнқату-шығармаларын тарту ететін болады. «Жастар» сарайының алдындағы Республика даңғылында өтетін акция «Жүргізуші, менің өмірімді сақта!» деп аталады.
Осы күні, жол-көлік апаттарының зардаптарына қоғамның назарын аударту мақсатында Жол полициясы басқармасының жеке құрамы жаппай қан тапсыру акциясына қатысатын болады.
Жол полицейлері соңғы кезде жиі кездесетін үрдіс - рөлдегі қыздарды да ұмыт қалдырмады. 19 қараша күні, таңертеңгі сағат 10.00-де Тұран даңғылы бойындағы орталық парктің қарама-қарсы бетіндегі алаңда жүргізуші қыздар арасында мәнерлеп жүргізу сайысы өтеді.
Апталықты 20 қараша күні «Қара толқын» акциясы тәмамдайды. Бұл күні патрульдік полицияның ілесуімен қара түсті автокөліктер мен жол апаттарына түскен машиналар тиелген эвакуаторлардан құралған автоколонна Астана көшелерімен жүріп өтетін болады. Ал дыбыс күшейткіштерден қозғалыс барысында Жолда жүру ережелерін сақтау және мұқият болу қажеттігі туралы хабарлар айтылады.
М.Тұяқбаев, осы күні, түскі сағат 12.00-де жол-көлік апаттарының құрбандарын еске алу және ынтымақтастық белгісі ретінде жүргізушілерге алдыңғы жарық шамдарын жағып, дыбыс сигналдарын беруді сұрады. Көлік иелеріне арнайы жадынамалар мен ақ ленталар таратылатын болады.
ЖПБ-ның статистикасына сүйенсек, үстіміздегі жылдың 10 айында Астанада 378 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оларда 67 адам мерт болып, 375 адам түрлі жарақаттар алды. Қолданылып жатқан шаралар нәтижесінде жол апаттарының деңгейін төмендету мүмкін болды. Мәселен, 2007 жылмен салыстырғанда апаттар саны 10,6 пайызға (2007- 423 апат), зардап шеккендер - 27,3 пайызға (2007- 97), қаза тапқандар - 31 пайызға (2007- 516) азайды.