Бүгін Астанадағы Жастар сарайында Халықаралық театр фестивалі ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 12:00-де Астанадағы Жастар сарайында "Сахнадан сәлем" Халықаралық театр фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық-драмалық театрының көркемдік жетекшісі Болат Ұзақов айтты.

Бүгін Астанадағы Жастар сарайында Халықаралық театр фестивалі ашылады

"Биылғы фестивальдің ерекшелігі - халықаралық деңгейге көтеріліп, шетелдік театрлардың шақырылуы. Сонымен қатар, шетелдік сарапшылар мен сыншылар да келіп отыр. Бұл осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған фестиваліміздің деңгейі көтеріліп келе жатқанының белгісі, - деп атап өтті ол. Көркемдік жетекшінің айтуынша, биылғы фестивальге қатысатын театрлардың жалпы саны - 13. Олардың ішінде Дағыстан мен Түркиядан да театрлар бар. Астанадан 4 театр қатысады, оның біреуі - қуыршақ театры. Қалған 9 театр еліміздің өңірлерінен келеді. "Астана қонақтары мен тұрғындары 1-6 шілде аралығында аталған театрлардың өнерін тамашалай алады. Қуыршақ театрлары әр күні сағат 11:00- де басталса, драма театрлардың қойылымдары 16:00 және 19:00-да басталады. Ал шілденің 6-сында фестивальдің салтанатты жабылуы өтеді", - деді Б. Ұзақов.