Бүгін - әйгілі таэквондашы Мұстафа Өзтүріктің туған күні
АЛМАТЫ. 24 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін - әйгілі спортшы, таэквондодан қара белбеудің 6-дан иегері, Қазақстан Республикасының Таэквондо федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүріктің туған күні.
1954 жылдың 24 қарашасында дүниеге келген атақты спортшы Ыстамбұлдағы орта мектепті тәмамдағаннан соң, Тайвандағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітірген. Осы елде жүріп кәрістердің көне спорт өнері - таэквондоны үйренеді. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Ыстамбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашқан.
1990-жылдары елімізге шығыс жекпе-жегі - таэквондо спортын алып келген Мұстафа Өзтүрік еді. Ол Алматыда алғаш таэквондо спорт мектебін ашып, осы спорт түрін жоғары деңгейге көтереді. Қазіргі таңда еліміздің әр аймағында таэквондо мектептері ашылып, 20 мыңға жуық жас Мұстафаның ізін жалғастыруда. Арман Шілманов сынды шәкірті Гуанджоуда өтіп жатқан Азия ойындарында таэквондодан қола медальға қол жеткізіп, ел мерейін асқақтатты.
2000-жылы Алматы қаласында Мұстафа Өзтүрік атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданының Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды.