Бүгін Бас прокуратурада Ұлы Отан соғысы және прокуратура органдарының ардагерлеріне арналған мұражай ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мұражайдың ашылу салтанатына Бас прокурор Қайрат Мәми қатысты. «Бұл Ұлы Отан соғысы жылдарында ерліктің үлгісін көрсеткен және прокуратура саласының жұмысына елеулі үлес қосқан азаматтардың жүріп өткен жолын бейнелейтін ғимарат. Онда еліміздің тарихына қатысты құнды деректер мен мол мағлұматтар қоры бар. Осының барлығы бүгінгі Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орайластырылып, ұйымдастырылып отырған шара», деді Бас прокурор.
Мұражайда, Кеңес Одағы тұсындағы прокуратура органдарының қызметімен байланысты құжаттар мен сол уақытта прокуратура саласында қызмет еткен белгілі тұлғалардың суреттері, мүсіндері мен олар жөніндегі өмірдеректер сақталған. Сонымен қатар онда Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында прокуратураны басқарған және осы саланың дамуына үлес қосқан азаматтар жөнінде де көптеген деректер бар. «Қорыта айтқанда, мұражайдың жәдігерлері кешегі мен бүгінгіні үндестіріп тұр. Бұл экспозицияларға біз «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ» деген айдар тағып отырмыз», дейді мұражайды ұйымдастырушылар.