Бүгін белгілі әнші Перизат Тұрарованың алғашқы кеші өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының Конгресс-Холл сарайында белгілі дәстүрлі әнші Перизат Тұрарованың жеке концерті өтеді. Бұл - әншінің елордалық өнерсүйер қауымға ұсынып отырған «Аякөз ару» атты алғашқы кеші.

Бүгін белгілі әнші Перизат Тұрарованың алғашқы кеші өтеді

Бүгінгі концертке Перизат Тұрарованың ұстазы Ардақ Исатаева бастаған бірқатар есімдері елге мәлім өнер иелері қатысады. Сондай-ақ кеш қонақтарының қатарында Досымжан Таңатаров, Ерлан Рысқали, Гүлзира Бөкейхан, Нұрғали Тұрлыбеков сынды әншілер, «Аламан» тобы, «Сарыарқа» ұлт аспаптар оркестрі мен «Шалқыма» халық би ансамблі қатысады.

Перизат Тұрарова 1984 жылы 25 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. 2001 жылы орта мектепті бітіріп, 2002-2008 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында дәріс алған. Қазіргі таңда Астана қаласының мемлекеттік филармониясында солист.

Республикалық «Асыл мұра» және Д. Рақышев атындағы байқаулардың лауреаты. Ә. Қашаубаев атындағы республикалық байқаудың Бас жүлдегері. 2009 жылы Сауд Арабиясының Эр-Риад және Джидда қалаларында өткен Қазақстанның мәдениеті күндерінде, 2010 жылы Шанхай қаласында өткен «Шанхай Экспо» дүниежүзілік көрмесінде өнер көрсеткен.