Бүгін белгілі композитор, қазақ өнерінің ірі қайраткері Еркеғали Рахмадиевтің туған күні

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін композитор, КСРО халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Еркеғали Рахмадиевтің (1930-2013) туған күні.

Бүгін белгілі композитор, қазақ өнерінің ірі қайраткері Еркеғали Рахмадиевтің туған күні

Ол Семей облысының Шұбартау ауданындағы бұл күндері Мәдениет деп аталатын ауылында дүниеге келген. 6-шы сыныптан бастап «Үлгі» ұжымшары мектеп-интернатында оқиды. 1948 жылдың маусым айында концерттік ансамбльмен Нұрғиса Тілендиев, Бекен Жылысбаев және баянда ойнайтын Константин Ошлаковтар ауылға келеді. Олардың ойында Балқаш маңындағы ауылдарға өнер көрсетумен қатар, П.И.Чайковский атындағы училищеге дарынды жасөспірімдерді таңдап алу мақсаты да бар еді. Жоғары сыныптардың оқушыларын тыңдап, сынаған комиссия мүшелері олардың ішінен Еркеғалимен қоса есептегенде төртеуін таңдап алды. Еркеғали 1948 жылдың күзінде домбыра класы бойынша музыкалық училищенің оқушысы болып қабылданды. Училищені ойдағыдай тәмамдаған Еркеғали 1952 жылдың жазында емтихандарды жақсы тапсырып, консерватория студенті атанды. Ол қабылдау сынында қобызға арналған «Трио» пьесасын және «Жасыл орман» әнін орындады. Енді Еркеғали Л.Хамидидің ұсынысымен профессор Евгениі Брусиловскийдің класында өнерін жетілдіруге кірісті. 1957 жылы Еркеғали Рахмадиев өзінің дипломдық жұмысы ретінде Мемлекеттік емтихан комиссиясының алдына «Қамар сұлу» операсының бірінші бөлімін ұсынды. Оның ұстазы Е.Брусиловский келешек Қазақстанның көрнекті композиторы болатындығын таныған-ды. Осы бағытта білімін дамыта түсу үшін Е.Рахмадиев П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясына бір жылдық тәлім алуға келді. 1962 жылы Мәскеуде жас композиторлар конкурсында Еркеғали Рахмадиевтің «Балқаштағы кеш» атты хорға арналған поэмасы бірінші дәрежедегі дипломмен бағаланды. «Қамар сұлу» операсының 1963 жылдың 15-сәуірінде Абай атындағы ҚМАОБ театрында қойылуы оны үлкен шығармашылық шабытқа жетелейді. 1970 жылы композитор оркестрдің қолдауымен трубада орындалатын «Скерцоны» вокалдық-хореографиялық «Қызыл киіз үй» композициясын, М.Әуезовке арналған лирикалық поэма-реквиемін, «Аястан» атты кантатасын және драмалық қойылымдарға арналған «Қабаған ит», «Әке тағдыры», «Сұхбаттасу» музыкаларын жарыққа шығарды. 1972 жылы опера «Алпамыс» тәмамдалды, оған ілесе шығарылған симфониялық күй «Дайрабай» оған үлкен жетістік әкелді. 1980 жылы Қ.Мұхамеджановтың либреттосы бойынша «Тың туралы» жаңа операны өмірге әкелді. 1980-ші жылдары Еркеғали Рахмадиевтің трубалық оркестрдің қостауымен және скрипкаға арналған, оркестр демеуімен орындалатын концерттік екі шығармасы тағы да өмірге келді.

Шаһимардан Әбілевтің орындауында Абайдың өлеңдеріне жазылған романстар тізбегі тұтастай бірнеше театр сахналарында тыңдаушыларды баурап алды Еркеғали Рахмадиевтің Әбіш Кекілбаевтың либреттасына сүйенген «Абылай хан» атты эпикалық операсы екі бөлімнен тұрады. Мұнда Бұхар жырау мен Абылай ханның бейнесі операның негізгі тақырыбы. Композитор қандай музыка жанрында болмасын жазылған шығармаларында жаңалық әдісін, есте қалатын тың қатпарларды аударады. Оның әрбір шығармасы (опералар, концерттер, симфониялық поэмалар, күйлер, кантаталар, әндер және романстар) республиканың мәдени өмірінде айырықша орын алады.

Қыздар педагогикалық институтында оқытушы болған. 1958-1959 жылдары Алматы консерваториясында фольклор кабинетін басқарды, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жетекшісі, 1961-1965 жылдары Қазақ КСР-нің Мәдениет министрлігінде Көркемөнер бас басқармасының бастығы, ал 1966 жылы Абай атындағы опера және балет театрының директоры болып тағайындалды. 1967 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның ректоры, 1968 жылы Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы және КСРО Композиторлар одағының хатшысы. Профессор Еркеғали Рахмадиевтің ұстаздығымен Ө.Несіпханов, Т.Қажығалиев, С.Еркімбеков, О.Жанияров, С.Ромашенко, В.Стригоцкий, М.Тайменкеев және басқа да дарынды композиторлар консерваторияны тәмамдады. 1991-1993 жылдар аралығында ҚР Мәдениет министрі. Жемісті еңбектері үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Отан» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР-ның және Армения, Өзбекстан, Эстон республикаларының, Татар автономиялық республикасының мақтау грамоталарымен марапатталған. 1966 жылы оған Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 1975 жылы Халық әртісі, 1981 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді, ал 1980 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы тапсырылды. 2010 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Еркеғали Рахмадиев 2013 жылы 9 сәуірде Алматыда дүниеден өтті.