Бүгін - Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні
АЛМАТЫ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімі бойынша наурыздың 24-і бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні болып табылады.
Алғаш 1882 жылы неміс микробиологы Роберт Кох туберкулез қоздырғышын анықтаған болатын. Ал 1993 жылы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулезді ұлттық апат деп танып, наурыздың 24-ін бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні деп жариялады.
Қазіргі таңда аталмыш дерттен жыл сайын 1,6 миллион адам көз жұмса, оның көбі дамушы елдердің тұрғындары.
1993 жылы ДСҰ химиотерапияның қысқа курстарымен тiкелей тексерiп, емдейтін туберкулезбен күрестің жаңа жолы ретінде DOTS стратегиясын ресми түрде ұсынған болатын.
DOTS-тың негізгі міндеті саяси қолдау көрсету, микроскоп арқылы диагностика жасау, дәрi-дәрмектің сенiмдi жабдықталуын, емделу барысын бақылау және нәтижелердiң жүйелi бағасын жасау болып табылады.
DOTS - бұл туберкулез iндетiне шалдыққан, қоршаған орта үшiн қауiптi ауруларды айқындап, оларды емдеуге бағытталған стратегия. Сондай-ақ ол стратегияның қағидалары кез келген елге бірдей. Қазіргі уақытта әлемнің 180 елінде аталмыш стратегия бойынша жұмыстар сәтті жүргізілуде.