08:45, 10 Қазан 2012 | GMT +5
Бүгін Бүкілдүниежүзілік жүйке саулығы күні
АСТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат - Бүкілдүниежүзілік жүйке саулығы күні әлемде 1992 жылдан бастап Бүкілдүниежүзілік жүйке саулығы федерациясының бастамасымен атап өтіледі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүгінгі күні ғаламшарда психикалық сырқаттарға шалдыққан 450 млн. адам тұратындығын мәлімдеді. Ал батыс елдерде әрбір жетінші адам параноик, шизофреник немесе күйзеліске түсіп, маскүнемдікке салынған.
Бүкілдүниежүзілік жүйке саулығы күнінің мақсаты күйзеліске шалдығудың, шизофренияның, Альцгеймер сырқатының, есірткіге тәуелділіктің, эпилепсияның, ақыл-ой кемістігінің таралуын азайту болып табылады.
Аталмыш аурулардың пайда болуына ақпаратты тым артық қабылдау, елдегі саяси және экономикалық ауытқушылықтар әсер етеді. Ал сырқаттың алғашқы белгісі - күйзелістер.
Күйзелістер қазіргі әлемдегі адам өмірінің бір құрамдасына айналды. Адамдар оларды болдырмаудың орнына, күресуге үйреніп қалған.