Бүгін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері сайланады

Батысеуропалық және басқа да елдер тобынан 2 орынға Италия, Нидерланды және Швеция елдері таласады. Латынамерикалық мемлекеттер тобынан 1 орынға жалғыз үміткер бар - Боливия. Африка елдері тобында да талас болмайтын болып тұр. Мұнда 1 орынға жалғыз үміткер бар. Ол - Эфиопия.
Ал Азия-Тынық мұхиты аймағы мемлекеттеріне келер болсақ, мұнда 1 орынға 2 үміткер ел бар: Қазақстан және Таиланд. Қазақстан Республикасы бұған дейін БҰҰ ҚК құрамында болмаған. Ал Таиланд елі 1985-1986 жылдары Кеңес құрамында болған.
Өткен жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2016-2017 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне Мысыр, Сенегал, Украина, Уругвай және Жапония елдері сайланған болатын.
Осы жылдың 31 желтоқсанынан бастап Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия және Испания мемлекеттері Қауіпсіздік Кеңестегі орындарын босатады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 15 мемлекет мүшелік етеді. Ұлыбритания, Қытай Халық Республикасы, Франция, Ресей Федерациясы және Америка Құрама Штаттары - Кеңестің тұрақты мүшелері. Одан бөлек 10 тұрақты емес мүше мемлекетті Бас Ассамблея екі жылға сайлайды. Әр жыл сайын оның бесеуі жаңарып отырады.