Бүгін – Дипломатиялық қызмет күні

None
Фото: depositphotos.com
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2 шілдеде Қазақстанда Дипломатиялық қызмет күні аталып өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1992 жылы 2 шілдеде Тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі құрылған еді. Дәл осы күні Президенттің «ҚР Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасының елшілігі туралы» және «ҚР Төтенше және Өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелерді бекіту туралы Жарлығы шықты.

«ҚР Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелер туралы» №3827 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» ҚР Президентінің 2009 жылғы 1 шілдедегі № 837 Жарлығында кәсіби және өзге де мерекелер тізбесіне 2 шілде – Дипломатиялық қызмет күні деп толықтырылды.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дипкорпус өкілдерін еліміздің дипломатиялық қызметінің 30 жылдығымен құттықтап, бұл мерейтойдың Жаңа Қазақстан құруға кіріскен сындарлы сәтпен тұспа-тұс келгенін айтқан еді.

«Біз өңірлік және жаһандық процестерге белсенді қатысатын орнықты әрі беделді мемлекетке айналдық. Сіздер тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен еліміздің мүддесін халықаралық аренада қорғап келесіздер. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында сіздер жаһандық әлемде Қазақстанның ұстанымын нығайтуға және шет мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытуға үлкен үлес қосасыздар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жақында Мемлекет басшысы Ақордада Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөздерден кейін Қазақстан дауларды дипломатиялық жолмен шешу ісіне белсене атсалысуға дайын екенін айтты.

«Келесі мәселе - халықаралық күнтәртібі. Әлемдегі түрлі саяси, экономикалық шиеленістер елімізді алаңдатып отыр. Әрине, барлық түйткіл халықтардың, болашақ ұрпақтың игілігі үшін бейбіт жолмен шешілуге тиіс. Өздеріңізге мәлім, бұған дейін Қазақстан дауласқан тараптарды бітімге шақырды. Оларға келіссөз жүргізу үшін бейтарап алаң ұсынды. Еліміз дауларды дипломатиялық жолмен шешу ісіне белсене атсалысуға дайын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар