Бүгін - Дүниежүзілік қарым-қатынас пен даму мақсатындағы мәдени әралуандылық күні
АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін - Дүниежүзілік қарым-қатынас пен даму мақсатындағы мәдени әралуандылық күні.
БҰҰ 2002 жылғы 20 желтоқсанда өзінің «Мәдениет және даму» қарарымен 21 мамырды Дүниежүзілік қарым-қатынас пен даму мақсатында мәдени әралуандылық күні деп жариялауға қаулы қабылдады.
Қазақстан Бүкіләлемдік табиғи және мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияға 1994 жылғы 29 сәуірде қосылды.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2007 жылғы 17 желтоқсанда 2010 жылды Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылы деп жариялады және осы жылы дінаралық және мәдениетаралық қарым-қатынастарға, бейбітшілік үшін өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа арналған тиісті шаралар ұйымдастыруды, соның ішінде жоғары деңгейдегі немесе азаматтық қоғаммен бірлескен бейресми интерактивті диалогтар өткізуге ұсыныс берді.
ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі Тарихи-мәдени мұра департаментінің мәліметтері бойынша Қазақстанда 25 мыңнан астам сәулет ескерткіші бар. Оның ішінде екеуі - Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енді. Аталмыш тізімде әлемнің 120 елінде орналасқан мыңға жуық ескерткіш бар.