Бүгін - Дүниежүзілік метрология күні

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Дүниежүзілік метрология күні. Бұл күн өркениетті елдердің бәрінде арнайы түрде аталып өтіледі.

Бүгін - Дүниежүзілік метрология күні

Атап айтқанда түрлі кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер түрінде көрініс тауып, әр ел өздерінің метрология саласында жүргізген жұмыстарының қорытындысын шығарады. Сондай-ақ өзара тәжірибелерімен бөлісіп, маңызды деген мәселелер талқыға түсіп отырады.

Метрология (грек тілінде metron - өлшем және logos - сөз, ілім) - өлшеу туралы өлшеудің бірлігі мен қажетті дәлдікке жету тәсілдері туралы ғылым. Метрологияның негізгі мәселелеріне: өлшеудің жалпы теориясы, физикалық шамалардың және оның жүйелерінің бірліктерін ұйымдастыру, өлшеудің әдістері мен құралдары, өлшеудің дәлдігін анықтау әдістері (өлшеудің қателіктер теориясы), өлшеу бірлігін және өлшеу құралдарының метрология жарамдылығын қамтамассыз ету (заңды метрология) эталондар мен өлшеу құралдарының үлгілерін жасау, эталондарды бірлік өлшемдерін тарату әдістері жатады. Метрология алғашқыда өлшеудің әр түрлі тегін (сызықты, сыйымдылық, салмақ, уақыт) жазумен сонымен қатар бірнеше мемлекеттерде қолданылған ақша және олардың ара қатынасын табумен айналысты. Метрологияның күрт дамуына 1975 жылы Метрикалық конвенциясының (құрамында 17 мемлекет бар) қорытындысы (Өлшеу мен таразылар және өлшеудің метрикалық эталонын жасаудың халықаралық мекемесі) себепші болды. Қазіргі кездегі метрология физика, химия т.б. жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін пайдаланып, физикалық тәжірибенің жоғары дәлдігіне сүйенеді. Қазақстанда алғашқы метрологиялық мекеме 1923 жылы Семей қаласында ұйымдастырылды. Ол 1925 жылы Семей және Жетісу губернияларындағы таразыларды, ұзындық пен көлем өлшемдерін тексеруді жүзеге асыратын өз алдына жеке палата болды. Оның бөлімдері Петропавл, Ақтөбе, Алматы қалаларында жұмыс істеді. 1930 жылы палата Алматыға көшірілді. 1974 жылы Алматы қаласында арнайы эталондар сақтайтын ғимарат салынды.

Республиканың метрологиялық қызметінде тексеру жұмыстарын жүргізу үшін 20 жұмыс эталоны (қысым, температура, масса, ұзындық, электрлік сыйымдылық, электрлік кедергі, түзу, түзу сызық, т.б.) қолданылады. 2000 жылы Қазақстанда мемлекеттік уақыт және жиілік эталоны пайдалануға енгізілді.