Бүгін ел аумағында күн күркіреп, өткінші жауын жауады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым аумағында атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты ауа райы құбылып, күн күркіреп, өткінші жауын жауады, жел күшейеді, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасап.
Тек оңтүстік, оңтүстік-шығыс пен орталықта жауын-шашын болмайды деп болжануда. Ақмола, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, күндіз Қостанай облыстарының кей жерлерінде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Маңғыстау облысының кей жерлерінде жел секундына 15-20 метрге дейін күшейіп, шаң көтеріледі. Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман түседі. Күндіз Ақмола, Жамбыл, Қарағанды облысының кей жерлерінде, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында күн қатты ысиды. Оңтүстікте, батыстың кей жерлерінде, солтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс пен республиканың орталығында жоғары өрт қауіпсіздігі сақталады.