Бүгін елдің басым аумағында жауын-шашын, бұрқасын, өтпелі жел, көктайғақ пен тұман күтілуде - Қазгидромет
Атап айтқанда, Жамбыл, Маңғыстау, күндіз Батыс Қазақстан облыстарының кей аумақтарында тұман, көктайғақ, 15-22 м/с жылдамдықта жел болжануда.
Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген өңірлерінде 15-20 м/с екпінде жел тұрып, бұрқасындатады.
Күндіз Ақмола, Атырау, Қостанай, Қарағанды облыстарында желдің күші секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Қостанай облысында оған бұрқасын қосылады.
Қызылорда облысында тұман түсіп, көктайғақ болады.
Оңтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде сондай-ақ, тұман, көктайғақ, 15-20 м/с жылдамдықтағы жел күтілуде. Таулы аумақтарда бұрқасын соғады.
Алматы облысында тұман, көктайғақ, түнде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Ал гидрологиялық болжамдарға сәйкес, алдағы тәулікте Қазақстанның солтүстігіндегі сулы нысандардың денінде мұз қату процесі жалғасады. Шығыс Қазақстан облысының жекелеген өзендерінде мұз қатпарларының пайда болуына байланысты мұз кептеліп, су деңгейі көтерілуі мүмкін. Қалжыр өзені арнасынан тасып, су басу қаупі болады. Елдің оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы сулы нысандарда судың біртіндеп сууы байқалады.