Бүгін еліміздегі жүздеген этнос өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтатын күні - Альберт Рау
АСТАНА. ҚазАқпарат - KIAE қосалқы бөлшектер, автокомпоненттер мен автокөліктерге техникалық қызмет көрсетуге арналған құрылғылардың көрмесін аша отырып, Инвестициялар жəне даму вице-министрі Альберт Рау қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады.
"Сөз басында қазақстандықтарды көктемнің алғашқы күнімен құттықтағым келеді. Қыс өтіп, Наурыз айы туғанда көңілімізге де көктем қатар келеді. Бүгін сондай-ақ алғаш рет Қазақстан халқы Алғыс айту күнін тойлап жатыр. Елімізде тұратын жүздеген этнос өкілдері бүгін қазақ халқына алғыс айтатын күн. Себебі, бүгінгі ұрпақтың ата-бабасы біздің ата-бабамызды қиын-қыстау кезде бауырына басқан еді. Біздің барымыз - достық пен бірлігіміз. Бірлік - біздің қаруымыз. Сондықтан, осы ретті пайдалана отырып, баршаңызды, бүкіл қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтаймын",-деді А.Рау.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 1 наурызда Қазақстан тұңғыс рет Алғыс айту күнін тойлап жатыр. Бұл мерекені белгілеу жөніндегі Жарлыққа Елбасы 2015 жылдың 15 қаңтар күні қол қойған болатын.