Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ресми ашылуы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Отанымыздың барлық өңірлерінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына арналған шаралар бастау алады.
Елімізде қоғамдық келісімді одан әрі нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтың ұлттық бірлігін қамтамасыз етудегі рөлін арттыру мақсатында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды роль атқарды. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді, деп жазады akorda.kz.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын мерекелеу Астана мен Алматыда, сондай-ақ, ҚР барлық облыс орталықтарында бірдей өткізілмек.
Астанада 6 ақпан күні 11:00 Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуы өтеді. Бейбітшілік және келісім сарайының алдындағы алаңда жастар флешмобы, ал 18:00 - 23:00 аралығында «Алау» мұз айдыны сарайында «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басталуы» синхрон-акциясы аясында қала тұрғындарының бұқаралық коньки тебуі ұйымдастырылады. Осы күні №71 орта мектептің спорт залында «Есіл» ауданының мектеп командалары арасында баскетболдан жарыыс өтеді.
7 ақпан күні қалалық алаңда, «Студенттік» саябақта және «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда халықтық серуен және мерекелік концерт ұйымдастырылады. Сондай-ақ, шаңғыроллерлік трассада шаңғы жарысы, «Ақбұлақ» мұз айдынында шайбалы хоккей, «Көңілді старт» сияқты спорттық іс-шаралар өткізіледі, «Алматы» ауданының тұрғындары коньки тебуге қатысады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына орайластырылған кең ауқымды іс-шаралар жыл бойы жалғасады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының хабарлауынша, 2015 жылдың соңында - 1 желтоқсан - ҚР Тұңғыш Президенті күні Қазақстан халқы форумында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының қорытындысы шығарылады деп жоспарланған.