07:42, 21 Шілде 2015 | GMT +5
Бүгін еліміздің басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады - Қазгидромет
АСТАНА. ҚазАқпарат - 21 шілдеде Қазақстан территориясының басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады, кей жерлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады, жел күшейеді, тек республиканың батыс, оңтүстік-батыс және шығыс аудандарында жауын-шашынсыз ауа райы болады, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, күндіз Алматы, Қостанай, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде желдің екпіні 15-20 м/с күшейеді, Қызылорда, Алматы облыстарында шаңды дауыл тұрады. Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман бақыланады.
Күндіз Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарының кей жерлерінде қатты ыстық сақталады. Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде өте жоғары өрт қауіпі сақталады.