Бүгін еліміздің бірқатар өңірлерінде көктайғақ болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болады. Кей жерлерде қар түсіп, жел күшейіп, боран соғып, тұман түсуі ықтимал. Тіпті көктайғақ та болуы мүмкін, деп хабарлайды «Қазгидромет».
Алматы облысы Жалаңашкөл ауданында жел күшейіп, оның екпіні 27 метр секундқа дейін жетеді. Түнде тұман түседі деп күтілуде. Шығыс Қазақстан облысының кейбір жерлерінде де жел күшейеді, Жарма ауданында жел екпіні 27 метр секундқа дейін жетуі мүмкін. ОҚО-да, түнде Алматы облысында, СҚО-да, Қостанай облысында жел екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында тұман түсіп, жердің бетін мұз басуы мүмкін. Қызылорда гидрометеорология орталығының хабарлауынша, Қызылорда облысының кей жерлерінде желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейіп, көктайғақ күтіледі. Осыған байланысты, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздікті сақтау шараларына баса назар аударуын ескертеді. Алдағы күндері Шардара су қоймасына құятын сулардың мөлшері көбеюуі мүмкін. Республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс өңірінің кейбір өзендерінде су деңгейінің тербелуі ықтимал.