Бүгін еліміздің көптеген аймақтарында боран соғып, көктайғақ болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 наурыз күні Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мол түсіп, қатты жел тұрады. Солтүстік өңірлерде боран соғып, жекелеген аймақтарда тұман түсіп, көктайғақ болады, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.
Ақмола, Қостанай облыстарының кей жерлерінде секундына 15-20 метрге дейін боран соғады. Ал Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының кейбір аймақтарында тұман түсіп, секундына 15-20 метрге дейін жел соғады. Алматы облысының кей жерлерінде тұман түседі, Жалаңашкөл аймағында 15-20 метрге дейін жел соғып, оның күштілігі секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін. Қызылорда, Маңғыстау облыстарының бірқатар аймақтарында тұман түсіп, көктайғақ болады, күндіз Маңғыстау облысында желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетеді. Атырау, Павлодар облыстарында күндіз жылдамдығы 15-20 м/с дейін жететін жел соқса, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында тұман түсіп, шығыс өңірде күндіз желдің күші 15-20 м/с жетеді. Солтүстік Қазақстан өңірінде бұрқасындатып, тұман түседі, көктайғақ болады.