Бүгін еліміздің солтүстігі мен шығысында қар жауып, бұрқасын болады - Қазгидромет
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 ақпан күні Қазақстанның басым аймақтары антициклон ықпалында болғандықтан, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, деп хабарлайды «Қазгидромет».
Тек республиканың солтүстігі мен шығысы арқылы фронтальды ауа ағымының өтуіне байланысты кей жерлерде қар, жаяу бұрқасын, көктайғақ болып, желдің күшеюі күтіледі. Кей жерлерде тұман болады.
Түнде және таңертең Ақмола облысының кей жерлерінде тұман күтіліп, бұрқасынмен желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді. Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, түнде Алматы облыстарының кей жерлерінде тұман күтіледі. Оңтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман түседі, жел соғады, оның екпіні 15-20 м/с. Атырау облысының кей жерлерінде тұман күтіліп, күндіз 15-20 м/с жел соғады. Павлодар облысының кей жерлерінде желдің 15-20 м/с күшейеді, күндіз жаяу бұрқасын болады деп күтіледі. Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде жаяу бұрқасын, көктайғақ, түнде кей жерлерде тұман түсіп, күндіз кей жерлерінде күші 15-20 м/с дейін жел соғады.