Бүгін Елордада «Алтын домбыралы» айтыс өтеді

АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Конгресс-холл сарайында «Алтын домбыралы» айтыс өтеді, деп хабарлайды kazaitys.kz.

Бүгін Елордада «Алтын домбыралы» айтыс өтеді

Естеріңізде болса, өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігінің ұйымдастыруымен "Біздің ел осындай" деп аталатын айтыс өткен. Айтулы аламанның Бас жүлдесіне алтын домбыра тігілгенін де ешкім ұмытпаған шығар. Сол айтыс биыл аталмыш министірлік пен "Нұр Отан" партиясының тікелей қолдауымен "Жырың болып төгілемін, елім!" деген атпен жалғасын таппақ!

Өткен жылғы айтыстың тәртібінде "жүлдеге тігілген алтын домбыра Тәуелсіздікке арналып жыл сайын өткізілетін айтыстан қатарынан үш рет Бас жүлдеге алған ақынға түбегейлі беріледі, оған дейін музейде сақтала тұрады" делінген болатын. Алтын домбыра қазір сол айтыстың Бас жүлдесін алған Мұхтар Ниязовтың атында музейде сақталып тұр.

Сонымен, бұл айтысқа кімдер қатысады? Олар қалай анықталды? Енді соған келейік.

Өткен жылы айтыста облыстарда іріктеу өтіп, сол бәйгеден озып келген ақындарды алтын домбыралы айтыста бақ сынаған болатын. Бұл жолы өзгеше тәсіл таңдалды. Былтырғы 9 желтоқсандағы "Біздің ел осындай" айтысынан қазірге дейінгі бір жыл ішінде өткен Республикалық айтыстарда Бас жүлде алған ақындар арасында рейтинг жасап 10 ақынды іріктеп отырмыз. Бір жыл ішінде Республикалық айтыстарда Бас жүлде алған ақындардың I, II, III орындары да бал бойынша есептеліп соңында жалпы бал шығарылды. Мұнда Бас жүлде 4 ұпай, 1-орын 3 ұпай, 2-орын 2 ұпай, 3-орын 1 ұпайға есептелді.

Сара Тоқтамысова, Мұхтар Ниязов, Балғынбек Имашев, Бекарыс Шойбеков, Нұрмат Мансұров, Жандарбек Бұлғақов, Дидар Қамиев, Айнұр Тұрсынбаева, Қанат Мырзаханов, Жақсылық Орынбасар.

Билеттер Конгресс-холл кассасында сатылады.