Бүгін елордада барлық қолданыстағы ақпараттарды екі түрге бөлген еліміздің жаңа заң жобасы талқыға түсті
«Қазақстан Республикасында ақпаратқа қол жеткізу: жағдайы мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында аталған заң жобасын таныстырған ел Парламенті Мәжілісінің депутаты Жақып Асановтың айтуынша, жария ақпаратқа қол жетімділікті қамтамасыз ету заңдылық, жария ақпараттық ашықтығы мен қолжетімділігі, ақпарат иегері қызметінің жариялылығы, жеке өмірге, жеке және отбасы құпиясына ешкімнің қол сұқпауы, жария ақпаратты дұрыстығы мен толықтығы, жария ақпаратты уақытылы табыс ету, жария ақпарат алу мен тарату құқығын бұзғаны үшін жауаптылық принциптеріне негізделген. Сонымен қатар құжатқа сәйкес қолданыстағы барлық ақпараттар қолжетімділігі шектеулі және жария ақпараттар болып екіге бөлінген. Қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа мемлекеттік құпиялар, коммерциялық және кәсіби құпиялар, азаматтардың жеке өмірі, сондай-ақ жариялануы заңмен шектелген басқа да ақпараттар жатады. Ақпараттың бұл түрі жаңа заң жобасында қарастырылмайды әрі басқа заңдармен реттеледі. Ал қалған ақпараттар қоғам үшін ашық деп танылады.
Сондай-ақ заң жобасы ақпаратты пайдаланушы мен ақпарат иегерін де нақтылай түскендігін айтқан депутат «біз ақпарат иегерін мынадай үлгіде нақтылауға шешім шығардық. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін өзі басқарушы органдармен қатар бюджет қаражатын пайдаланатын бизнес субъектілері, табиғи ресурстарды пайдаланатын әрі сәйкесінше ақпаратқа ие доминант монополистер, субъектілер және де мемлекеттің қатысы бар кәсіпорындар, ұлттық компаниялар және басқа да құрылымдар ақпарат иегері болады», деді.