13:51, 05 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Бүгін елордада отандық жаңа «Біржан Сал» көркем фильмінің премьерасы болады
АСТАНА. Қыркүйектің 5-і. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Арсенал 3D» кинотеатрында отандық жаңа «Біржан сал» көркем фильмінің премьералық көрсетілімі басталады.
Досхан Жолжақсынов пен Рымбек Әлпиевтің картинасы атақты халық әншісі және композиторы Біржан Қожағұлұлының өміріндегі жан тербетер оқиғалар туралы баяндайды. Әншінің қайталанбас бейнесі опера, драма театрларында сомдалғанымен, фильм алғашқы рет түсіріліп отыр.
Бұл белгілі актер Досқан Жолжақсыновтың режиссерлық салада атқарған тырнақалды туындыларының бірі. Туған жеріндегі тағдыры қиын болған Біржанның бейнесі фильмде жақсы ашылған. Біржан сал туындысында халық әртісі Хабиба Елебекова, Сәбит Оразбаев сынды сахна мен кино тарландары ойнайды. Сценарий авторы - Таласбек Әсемқұлов. Композиторы -Төлеген Мұхамеджанов.
Фильмді «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.