Бүгін елордада «Жолдағы қабылдау» акциясы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 қазанда сағат 10:00-17:00 аралығында Астана қаласы ІІД Әкімшілік полициясы «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен бірлесіп қала тұрғындары үшін қоғамдық мәселелер мен жол қауіпсіздік ережелері бойынша қабылдау өткізеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Бүгін елордада «Жолдағы қабылдау» акциясы өтеді

Әкімшілік полиция басқармасының хабарлауынша, аталмыш шараның басты мақсаты полиция қызметкерлерінің имиджін көтеру мен азаматтардың сенімін арттыру болып табылады. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын түсіндіруге бағытталған, сондай-ақ азаматтарға жол қауіпсіздігі бойынша консультативтік және құқықтық көмек көрсетуге негізделген.

«Жолдағы қабылдау» жылжымалы пункті №1 қалалық автобус паркін де қамтиды, қабылдау жұмысына жолаушыларды тасымалдайтын елордалық автопарктің басшылары, қызметкерлер және жүргізушілер құрамы қатысады. Бұдан бөлек, азаматтарды қабылдау ішкі істер басқармасының үш ауданында және «Рубеж» бақылау бекетінде өтеді. «Жолдағы қабылдау» акциясы өтетін орындарда әкімшілік полиция қызметкерлерінің жұмыс сапасы жөнінде халық арасында сауалнама жүргізіледі. «Жолдағы қабылдау» акциясының бұдан бұрынғы тәжірибелері көрсеткендей, халықтың көпшілігі жолдағы құқық тәртібінің жақсарғанын атап өтті. Сауалнамаға жауап бергендердің 60% көлік жолдары бойында әкімшілік полиция қызметкерлерінің болғаны жол апатының алдын алуына септігін тигізетінін айтты. Ал 70%-дан астамы жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің сыпайылығын атап өтті.