Бүгін елордадағы Аграрлық университетте Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шара өтті

АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шара өтті.

Бүгін елордадағы Аграрлық университетте Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шара өтті

Оқу орны қабырғасында жұмыс істейтін әйелдер қауымын ректор Айтбай Бұлашев құттықтады.

Университет басшысы атап өткендей, көктемнің алғашқы шуақты күндері нәзіктіктің, махаббаттың белгісі әйелдер мерекесімен басталады. «Жер бетінде әйел затын қазағымыздай дәріптеп, қастерлейтін халық жоқ шығар, сірә. Себебі, «бірінші байлық - денсаулық, екінші байлық - ақ жаулық», деп қызын төрге отырғызып, сұлу әйелді жеті қазынаның бірінен есептеген, ал балаларын «жұмақ - анаңның табанының астында», деп тәрбиелеген халық, деді ол.

Әйел - нәзік жанды аталғанымен, көптеген салаларда жұмыста ерлерге дес бермейді. «Әйелдер қауымын экономиканың барлық саласында кездестіруге болады. Сондықтан, еліміздің егемендігінің баяндылығы, экономикасының дамуы сіздерге тікелей байланысты десек, артық айтқандық болмас», - деді оқу орнының басшысы.

Ректордың айтуынша, бүгінде университте 879 әйел жұмыс істейді, бұл ұжымның барлық санының 70 пайызы.

Мерекелік концерттік бағдарламаны әнші, композитор Қайрат Баекенов пен «Формат» тобы әзірледі. Бағдарламада наурыз айына, көктемге, аналар мен махаббатқа арналған әндер молынан болды. Қазақ, орыс тілдерінде халық және бүгінгі күннің әндері, сондай-ақ ағылшын тілінде заманауи әуендер шырқалды. Көрермендерге жасалған тосын сый -Қайрат Жүнісовтың сөзіне жазылған Қ.Баекеновтың қазақ тілдегі жаңа «Болашақ» әні болды.