Бүгін ЕО елдері еуропалық интеграцияның 70 жылдығын атап өтеді

70 жыл бұрын дәл осы күні Франция Сыртқы істер министрі Роберт Шуман Франция мен ГФР өнеркәсібін біріктіру жөнінде декларация жасауды ұсынды. Еуропалық көмір мен болат қорыту бірлестігін құру осы құжаттан басталды.
Шуман декларациясы Еуроодақтың құрылу процесінің бастамасы болып есептеледі. Еуропа күні 1985 жылы Миланда Еуропалық кеңес шешімімен бекітілді.
Оған қоса, биыл Еуропалық одақ тарихындағы тағы бір маңызды оқиға атап өтіледі: 25 жыл бұрын ЕО-қа Аустрия, Финляндия және Швеция мүше болды.
Жыл сайын мамырда Еуропа парламенті, Еуроодақ және Еуропалық кеңес жалпыға есігін айқара ашады. Бүкіл Еуропада сауықтық және ақпараттық-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Дегенмен, биыл коронавирус пандемиясына байланысты Еуропа институттары мерекені еуропалық ынтымақтастық және бірлік онлайн-кампаниясымен атап өтеді. Бірқатар іс-шаралар EbS және EbS+ спутниктік арналарынан көрсетіледі.
Еурокомиссия басшысы мен еурокомиссарлар күні бойы онлайн-шараларға қатысып, видеоүндеу, әлеуметтік желілер, вебинар, видеодебат, БАҚ-қа пікір беру арқылы азаматтармен пікір алмасады.
Еуропарламент президенті мен саяси топ басшылары да Еуропа азаматтарына үндеу жолдайды. Көрермендер Брюссельдегі ЕП пленарлық залына виртуалды саяхат жасай алады.
Еуропа күнінде кез келген адамның Еуропарламент архивіндегі жәдігерлері бар онлайн-көрмеге қатысуға мүмкіндігі бар.
Автор: Тимур Дүйсекеев