Бүгін Еуропа күні атап өтілуде

Ол Еуроодақтың құрылуына себепші болған «Шуман декларациясының күні» атымен де белгілі.
Бұл күнді Еуроодақта төрағалық етуші ел - Дания 2020 жылға дейін біріккен Еуропаның атмосфераға көмірқышқыл газ қалдықтарын 30 пайызға қысқартуға талпынысын атап өту үшін бүкіл Еуропа бойынша «Жасыл экономика - жасыл мобильділік» экологиялық таза экономиканың дамуы белгісімен атап өтуді шешкен.
«Еуропа күні Еуроодақтың қызметі мен жетістіктерін атап өтудің маңызды себебі болып табылады. Биылғы жылы Данияның Еуроодаққа төрағалық етуі еуропалық астаналарда көліктің тұрақты дамуы проблемаларына назар аударуды шешті, өйткені «жасыл» экономика жұмыс орындарын құрып, өндіріс өсімін ынталандыруға, сондай-ақ қоршаған ортаны және тұрғындар денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Данияның еуропалық істер жөніндегі министрі Николай Ваммен.
Дат төрағалығы өкілдерінің атап өтуінше, бүгінде Еуроодақта барлық сапарлардың жартысынан көбі бес шақырымнан аз қашықтықтан тұратын бағыттарды құрайды. Егер барлық қысқа бағыттар велосипедпен немесе жаяу жүргізілсе, бұл қоршаған ортаның, климаттың және адам денсаулығының айтарлықтай жақсаруына әкеледі.
Даниялықтардың көбі үшін велосипед қозғалыстың негізгі құралы болып табылады, Дания астанасы Копенгаген тұрғындарының 35 пайызынан көбі оны негізгі көлік құралы ретінде пайдаланады. Осыған байланысты дат төрағалығының Еуропа күніне арнап ұйымдастырған шаралары еуропалықтарды даниялықтардан үлгі алуға ықпал етуі керек.
Ригада велосипед мінген әжелер мен аталар, еуропалық астана - Брюссельдің орталығындағы бір топ велосипедшілер, Варшава қаласының көшелеріндегі шетелдік дипломаттардың, саясаткерлер мен журналистердің қатысуымен велосипедшілер шеруінің өтуі - бұл дат төрағалығының бүгінгі күні жоспарлаған шараларының бір бөлігі ғана.
Еуропа күні еуропалықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін құрылған нышандардың бірі. 9 мамыр күні Еуродақтың көптеген мүше мемлекеттерінде, сондай-ақ Түркия сияқты көршілес елдерде әр түрлі үлгілерде атап өтіледі. Мерекенің саяси сипатына орай бұл күні Еуроодаққа, сондай-ақ еуропалық интеграцияға арналған білім беру шаралары өткізіледі.