15:55, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Бүгін Германиядағы Қазақстан жылының ашылуы аясында Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтеді
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Берлинде Германиядағы Қазақстан жылының салтанатты ашылуы рәсімі шеңберінде Концертхаустың үлкен залында Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап. Концерт бағдарламасына сәйкес, жиналғандар алдында вокальды және аспапты музыканың шеберлері домбырашы - Айгүл Үлкенбаева, қобызшылар - Гүлзия Стамбек пен Элмира Ахмедиярова, халық әндерін нақышына келтіріп орындаушы - Бекболат Тілеухан өнер көрсетеді. Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Моцарттың «Түрік маршы» шығармасын орындайды. Сонымен қатар, Еуропа классикасының озық туындыларын халықаралық конкурстардың лауреаттары - Айман Мұсақожаева (скрипка), Әлібек Дінішев (тенор), Қайыржан Жолдыбаев (тенор), Майра Мұхамедқызы (сопрано), Гүлзат Дәуірбаева (сопрано), Талғат Мұсабаев (баритон), Жанат Шыбықбаев (баритон) және Жаннат Бақтайлар (сопрано) орындайтын болады. Ал, К. Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының шығармашылық ұжымы А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсын көпшілік назарына ұсынады.Бұдан бөлек Еуропа сахналарында талай жылдардан бері табысты өнер көрсетіп жүрген қазақстандық орындаушы - Қайыржан Жолдыбаев Штутгард опера театрының жеке орындаушысы - Юдит Аренстпен дуэт құрып, әндер шырқайды.