Бүгін Головкин-Монро жекпе-жегіне билеттер сатылымы басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокс супержұлдызы Геннадий Головкин мен Кіші Вилли Монро арасында орташа салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін 16 мамырға жоспарланған жекпе-жекке билеттерді сату сейсенбі, 17 наурыз күні PDT уақыты бойынша сағат 12:00-де басталады.

Бүгін Головкин-Монро жекпе-жегіне билеттер сатылымы басталады

Бұл туралы әлеуметтік желілердегі GGG ресми парақшасында хабарланады.

Бағасы $300, $200, $100, $60 және $30 болатын билеттерді Ticketmaster арқылы (Ticketmaster.com) және Форумның Бокс-кеңсесінде сатып алуға болады.

«Бағасы 30 доллардан басталады, біз билеттердің қолжетімді бағаларын белгілеп, сол арқылы көптеген бокс жанкүйерлеріне «GGG үлкен драмалық шоуын» тамашалауға мүмкіндік беріп отырмыз. Оның Лос-Анджелесте өткізген соңғы жекпе-жегіне билеттер толық сатылғанын ескеріп, біз жанкүйерлерді билеттерді ертерек алуға шақырамыз», - деді Г.Головкиннің промоутері Том Леффлер.

Билеттерді Форумның Бокс-кеңсесінде осы сейсенбіде бірінші болып сатып алған 100 адам "GGG"-мен сағат 13:00-де басталатын баспасөз конференциясында суретке түсу мүмкіндігіне ие болады.