Бүгін халық сөзін айтады, ертең біз оның қандай ниет білдіргендігін білеміз - халықаралық бақылаушы
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін халық сөзін айтады, ертең біз оның қандай ниет білдіргендігін білеміз.
Бүгін, 3 сәуір күні елімізде өтіп жатқан ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты Астанада ұйымдастырылған брифингте халықаралық бақылаушы, Испания Парламентінің сенаторы Хавьер Маркес Лопес осылай атап көрсетті.
Оның айтуынша, бүгінгі күннің бірінші жартысы демократиялық тұрғыда өте қызу болды. «Сайлаудағы халықтың келуі өте жоғары деңгейде, әсіресе кейбір сайлау учаскелеріндегі әйелдер мен жастардың пайыздық тұрғыдан алғандағы белсенділігі жоғары екендігін атап өткен жөн. Науқан барысын қадағалап отырған түрлі саяси күштердің өкілдерімен болған сұхбаттың негізінде сайлау үдерісі кезінде біз ешқандай қақтығыс жағдайлары орын алған жоқ деп айта аламыз. Сайлау орындарында қауіпсіздік күштерінің болмағандығын айтқымыз келеді. Сайлау учаскелерінде қауіпсіздік күштеріне деген қажеттілік болған жоқ»,-деді ол.
«Сайлаушылардың келуі және кетуі ешқандай жағымсыз жағдайлармен сүйемелденген жоқ. Сайлаушылардың дауыс беру құқығына кері әсерін тигізетін қандай да бір қорқытып-үркіту әрекеттері болмады. Басқа саяси партиялардың өкілдері сайлау үдерісін бақылауға және қадағалауға еркін мүмкіндік алды»,-деп атап көрсетті Х. Лопес.
«Осылайша біз сайлау науқанында сайлау үдерісіне нұқсан келтіретін әрекеттер мүлдем болған жоқ деген баға беріп отырмыз»,-дейді Испания сенаторы.
Оның айтуынша, ертең Испания делегаттары сайлау жәшіктерінің ашылуына қатысып, дауыстарды санау үдерісіне қатысады. «Бүгін халық сөзін айтады, ертең біз оның қандай ниет білдіргендігін білетін боламыз»,-деді ол.