Бүгін - Халықаралық биологиялық әралуандық күні
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат - Бүгін - Халықаралық биологиялық әралуандық күні. 2000 жылдың желтоқсанның 30-ында БҰҰ Бас Ассамблеясы мамырдың 22-сін Биологиялық әралуандық туралы конвенцияның қабылданған күні, Халықаралық биологиялық әралуандық күні деп жариялады.
Бұған дейін бұл атаулы күн желтоқсанның 29-да аталып өтілетін. Қазақстанның экологиялық жүйесі бірегей биологиялық әралуандығымен ерекшеленеді. Жалпы Қазақстанда өсімдіктердің 15 мыңдай түрі бар. Оның 2 мыңнан астамы балдырлар, 5 мыңға жуығы саңырауқұлақтар, 600-ге жуығы қыналар, 500-ге жуығы мүк тәрізділер және 6 мыңнан астамы жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктер. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің түр байлығы, интродукцияланған, мәдени дақылдар мен кездейсоқ әкелінген 500-ден аса түрлерін қоспағанда, 161 тұқымдасқа және 1120 туысқа жататын 6 мыңнан астам түрден тұрады. Оның ішіндегі 730 түр тек Қазақстанда өсетін ? эндемиктер. Қазақстан жануарларға да өте бай. Сүтқоректінің 180, құстың 500, бауырымен жорғалаушылардың 52, қос мекенділердің 12, балықтың 104-ке жуық түрі мекен етеді. Ал омыртқасыз жәндіктер, шаян тәрізділер, ұлулар, құрттар бұдан да көп. Тек жәндіктер түрлерінің өзі 30 мыңнан асады. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізіліп, қорғауға алынған аңдардың 40, құстың 56, бауырымен жорғалаушылардың 10, қосмекенділердің 3, балықтың 16 түрі бар.Қазақстанның биологиялық әралуандығын сақтау мақсатында 1994 жылы Биологиялық әралуандық жөніндегі конвенция бекітіліп, биологиялық әралуандық балансын пайдалану және сақтау жөніндегі іс-әрекеттер жоспары мен ұлттық стратегиясы жасалынды. Бүгінгі таңда осы жұмыстар 2003 жылғы желтоқсанда Елбасы қол қойған Қазақстанның 2004-2015 жылдардағы экологиялық қауіпсіздігі конвенциясы шеңберінде атқарылуда.