Бүгін - Халықаралық орман күні
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін бүкіл әлемде 1971 жылы бекітілген Халықаралық орман күні немесе Орманды қорғаудың дүниежүзілік күні атап өтіледі.
Бұл күнді бекіту бастамасын Еуропалық ауылшаруашылық конфедерациясы 1971 жылы 23-інші Бас Ассамблеяда ұсынды және бұл идеяны БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы қолдады.
Орманды және оның байлықтарын қорғау бүгінде әлемнің барша елдері үшін басты экологиялық міндеттер қатарында тұр.
Бүгінгі күні Жер шарындағы ормандардың жалпы аумағы 38 млн. шаршы шақырымды құрайды (бұл құрғақ жердің үштен бір бөлігі), оның 13 пайызы қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. Ағаштар - ғаламшарымыздың өкпесі, олар баға жетпес экологиялық, әлеуметтік және экономикалық маңызға ие - Жердің ауасын қалыптастыруға қатысады, оттегімен қамтамасыз етеді, зиянды қалдықтарды қайта өңдейді, су ресурстарын сақтайды, көптеген өсімдіктер мен жануарлардың мекені болып табылады, адамдарды тамақпен және таза қоршаған ортамен қамтамасыз етеді.
Кейбір сарапшылардың бағалауына сәйкес, соңғы 10 жылда адам 26 млн. шаршы шақырым орманды жойды. Онымен қоса ағаштар өрттерден, заңсыз кесіп алу әрекеттерден, табиғи апаттардан, жойғыш-жәндіктерден, аурулар мен өзге де себептерден жойылу үстінде.