Бүгін - Хиросима күні

АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Хиросима күні. Ядролық қаруға тыйым салу үшін күрестің бүкіләлемдік күні.

Бүгін - Хиросима күні

1945 жылы 6 тамызда АҚШ ұшқышы Томас Фереби басқарған «Энола Гей» атты Б-29 әскери ұшақ Жапонияның Хиросима қаласына әлемдегі ең бірінші атом бомбасын тастады.

Тарих қойнауына жүгінсек, осынау адамзат тарихындағы ең жауыздық іс-әрекеттің американ әскері үшін ешқандай қажеттілігі болмаған. Себебі соғыстың соңына қарай Жапония армиясы талқандалып, Тынық мұхиты айдынында АҚШ-қа еш қауіп төндірмеген. Ал бомба тастау үшін Хиросиманы арнайы таңдап алуы қаланың географиялық орналасуы, үш жағынан тау қоршап тұратындығы себеп болған. Бұл 20 килотонналық уран бомбасының өз күшін толық пайдаланып, ажал уын себуіне таптырмайтын нысана еді.