Бүгін қалалық мәслихатта «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беру мәселесі талқыланды
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс 34-ші сессиясы өтті.
Отырыста жергілікті қауымдастық жиналыстарының өткізілу тәртібі мен шешім қабылдау жобасы, сондай-ақ «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Астана қаласының аудандарында жергілікті қауымдастық жиналыстарын өткізу тәртібі және шешім қабылдау жобасы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару» туралы ҚР Заңының нормаларына сәйкес келеді. Аталмыш жиындарды өткізуге жергілікті қауымдастық мүшесі, қалалық мәслихаттың және қала аудандарының әкімдері бастамашы бола алады.Сонымен қатар, мәслихатта «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беру мәселесі ортаға салынды. Құрметті атақ елорданың әлеуметтік саласын, ғылым және білім, экономикасын дамытудағы ерекше еңбегі үшін ҚР азаматтарына, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға берілмек. Аталмыш дәрежені беру мәслихат сессиясының шешімімен жүзеге асырылады. Астана қаласының әкімі құрмет атағын беру туралы ұсынымды сессия мәслихатының қарауына жібереді. Осындай атаққа, құрметке ие болған тұлғаға елорда әкімі мен мәслихат хатшысы қол қойған «Құрмет дипломы» және арнайы куәлік тапсырылады.