Бүгін «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда Елбасы елімен бірге Наурызды тойлауда - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылықпен бірге Әз наурызды мерекелеу шарасына қатысуда.
None
None

Тап қазіргі уақытта қазақстандық эстрада жұлдыздары, би ұжымдары, халық музыкалық аспаптар оркестрі өз өнерлерін көрсетіп жатыр.

Бас сахнаның төрінде халық музыкалық аспаптар оркестрі қазақ композиторларының шығармаларын орындады.

Мерекеге жиналған халықты еліктірген шоудың негізгі бөлігі «Қасиетті көктем» деген театрландырылған қойылым болды. Онда астаналықтар мен қала қонақтары Жер-ананың бусанып, қар суының жылғалардан сылдырай аққанын, алғашқы бәйшешектің бүр жарғанын тамашалады. Сахна біртіндеп қозғала отырып, нағыз табиғаттың ояну құбылысын көптің көз алдына әкелді. Сахнада салтанат құрған шоу көгілдір аспан аясымен астасып, жиналғандарға көктемнің шуақты сәттерін сыйлады. Ақан серінің өнерпаздармен қоса құйқылжыған үні көктемнен хабар ала келгендей. Бірақ осы сәтте тәтті көрініс сап тиылып, аспанды қара бұлт торлап, төңірек ақ қарға оранады. Алайда көктем ару заңды билігін қайта өз қолына алады. Сөйтіп, айнала қайта жадырап сала берді.

Концерттік бағдарламаға Т.Асар, А.Окапов, «МузАРТ», «Жігіттер», «КешYOU», «Қоңыр», «Аssyl», «The Jigits» топтары, Д.Құдайберген, «Сазген Сазы» фольклорлық ансамблі, «Шаттық», «Салтанат», «Wake-up», «Бахыт» би ұжымдары, «Елігай» балалар хоры қатысуда. Барлық номерлерге би ұжымдары тартылған және экрандарда бірегей 3D композиция көрсетілуде.

Әртістер қазіргі заманғы шығармалардан басқа, халықтық музыка мәдениетінің негізгі ән айту мектебінің дәстүрлі әндерін де шырқауда. Концерттік бағдарламаға барлығы 1 мыңнан астам адам тартылған.

Сонымен қатар, шағын сахнада көпшілік назарына цирк бағдарламасы, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар ұсынылуда. Ал дөңгелек сахнада 22 адамнан құралған эстрадалық-симфониялық оркестр орналасқан.

Бұдан басқа, алаңда спорт жарыстарын (арқан тарту, армреслинг, гір көтеру, тоғызқұмалақ және т.б.) өткізуге арнайы жер бөлінген.

Соңғы жаңалықтар