Бүгін Қазақстан бойынша азаматтарды әскер қатарына шақыру басталды
АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанда азаматтарды әскер қатарына шақыру басталды. Ол жылына екі рет, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде көктем мен күз мезгілдерінде жүргізіледі,
деп хабаралайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Биылғы жылдың күзінде Қарулы Күштер қатарын алты мың және Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының қатарын сегіз мың азаматпен толықтыру жоспарланып отыр. Әскерге шақыру аумақтық және эксаумақтық әскерді қалыптастыру мақсатымен жүргізіледі, яғни жас әскерлер үйлеріне жақын аумақта, сондай-ақ Қазақстанның басқа да аумақтарында өз борыштарын өтей алады.
Ең алдымен, әскер қатарына бұрын шақырылып, уақытын өткізіп алған жасы келген азаматтар, немесе бұрын басқа себептерге байланысты шақырылмаған азаматтар, сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қорғаныс минимстрлігінің әскери-техникалық мектептерінің түлектері алынады.
Баршаға белгілі, әскер қатарына әскерден босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жас аралығындағы ер жігіттер шақырылады.
«Әскери міндет пен әскери қызмет туралы» және «Әскерилер мен оның отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалуы мен мәртебесі туралы» ҚР Заңдарына сәйкес мерзімді әскери борыштың мерзімі он екі айды құрайды.