Бүгін Қазақстанда ЖОО-ларға түсетін талапкерлердің кешенді тестілеуі басталады

АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2012 жылдың 19-23 шілде күндері аралығында 37 базалық ЖОО-да талапкерлерді кешенді тестілеу өтеді.

Бүгін Қазақстанда ЖОО-ларға түсетін талапкерлердің кешенді тестілеуі басталады

Бұл туралы ҚР БҒМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

2012 жылы талапкерлердің кешенді тестілеуіне (ТКТ) 65 168 (2011 жылдан екі есеге көп - 27 193) адам қатысады

ТКТ-ны тапсырушылардың санының артуы алғаш рет тестілеуге міндетті түрде техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері түлектерінің қатысуымен байланысты. Айта кетейік, бұрнағы жылдары олар ЖОО-ларға тестілеусіз түсіп келген болатын.

Ниет білдіргендер үшін сынақ ретінде алдын ала тестілеулер өткізілді. Ұлттық тестілеу орталығы 900 мыңнан астам сұрақ-кітапшаларын және тестілеу пәндері бойынша 200 мың әдістеме шығарған болатын.

«ТжКБ мекемелерінің түлектеріне арналған тестілік тапсырмалар колледждердегі жалпы білім беру пәндері бойынша стандарттарға сәйкес келеді», - дейді министрліктің баспасөз қызметі.

ҚР БҒМ ТжКБ мекемелерінің үздік түлектеріне 2700 білім грантын бөлді.

16 шілде күні министр базалық жоғары оқу орындарының ректорларымен және жауапты қызметкерлермен ТКТ-ға дайындық бойынша селекторлық кеңес өткізді.

Барлық базалық ЖОО-да апелляциялық комиссиялар құрылды. Республикалық апелляциялық комиссия жұмыс істейтін болады.