Бүгін қазақстандықтар «Кивин - 2010» байқауында екінші орынға ие болған «Астана.kz» командасының ойынын көре алады
АСТАНА. Қазанның 15-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін қазақстандық көрермен қауым «ОРТ» телеарнасынан Латвияның Юрмала қаласында өткен «Голосящий Кивин - 2010» музыкалық фестивалінде екінші орынға ие болған «Астана.kz» командасының ойынын көре алады.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Астана.kz» командасының капитаны Максим Разумков мәлім етті.
Ағымдағы жылы шілденің 24-і күні болған «Кивин - 2010» байқауында қазақстандық «Астана.kz» командасының өнер жоғары бағаланып, қазылар алқасының шешімімен оларға екінші орынның белгісі ретінде «Үлкен Кивин» табысталды. «Астана.kz» командасының мүшелері атап көрсеткендей, бұл ойынға Александр Масляков төрағалық етті. Көңілділер мен тапқырлардың осы өнер бәсекесінен кейін А.Масляков «Астана.kz» командасын бұдан бастап жастар құрамасы емес, Қазақстанның ұлттық құрамасы ретінде таныстыратындығын мәлім етті. «Бұл - «Астана.kz» командасына мүше өнер майталмандарына берілген жоғары баға», - дейді команда мүшелері.
Айта кетейік, бүгін «ОРТ» телеарнасынан көрсетілетін «Голосящий Кивин - 2010» музыкалық фестивалінің уақыты кешкі сағат 20:30-ға белгіленіп отыр.